«Ойынсыз ақыл-ойдың қалыпты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес»
А.С.Сухомлинский
Қазіргідей технология қарыштап дамыған уақытта баланың ой-өрісін, танымын дамыту мақсатында ұлттық ойындарды бала бойына сіңірудің маңызы өте зор. Себебі, ұлттық ойындар баланы өз елін сүюге, құрметтеуге, өз және өзге ұлтты сыйлауға, патриоттық сезімді нығайтуға, ұлттық тілі мен салт- дәстүрлерін сақтай білуге үйретеді. Және де қазақтың ұлттық ойындары - «Ақсүйек», «Ханталапай», «Арқан тартыс», «Тоғызқұмалақ», «Асық» ойыны, «Алтыбақан», «Тақия тастамақ» т.б. - бұл баланың дені сау болып өсуіне септігін тигізеді.
Қазақ халқы ұлттық ойындар арқылы бала бойында ерлікті, батылдықты, өжеттілікті, қырағылықты, шапшаңдықты қалыптастырған дана халық. Сонымен қатар бұл ойындардың қай қайсысын алсақ та, соның ішінде тоғызқұмалақ ойыны - адамгершілік пен әділдіктің жоғарғы принциптеріне негізделген.
Қаламыздың №5 орта мектебінде бірнеше жыл қатарынан тоғызқұмалақ үйірмесі жұмыс істейді. Үйірме жетекшісі – аудандық МТОТЖО «Арман» орталығының ұстазы Әбілқасов Жұматай Базарұлы бастауыш сынып оқушыларынан бастап, жоғарғы сынып оқушыларына дәріс бере отырып, оқушыларды ұлттық ойынның қыр - сырымен таныстырып, үйретіп қана қоймай, келешек ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеп келе жатқан ұлағатты, шебер ұстаз.
Биылғы оқу жылында үйірме жұмысын бастаған 3 «А» сынып оқушылары Алимардон Айғаным, Ахметжанова Сабина, Әжібай Адина, Әйтен Әділхан, Құтымбет Арман, Муратжанова Камила, Оразбек Мақсат, Сеитова Айымдар Жұматай Базарұлының әрбір дәрісінен қалмай, тоғызқұмалақ ойынын меңгеріп, күн сайын үйірмеге деген қызығушылықтары артып, жетекшілерімен бірге аудандық Тәуелсіздік мерекесіне арналған және биылғы Наурыз мерекесі қарсаңында өтілген аудандық тоғызқұмалақ сайыстарына қатысып, жүлделі орындарды иемденді. Атап айтсақ сынып оқушылары Әжібай Адина, Алимардон Айғаным - І орын, Сеитова Айым – ІІ орын, Құтымбет Арман, Әйтен Әділхан - ІІІ орындарды иемденіп, грамота және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жеңістерімен сынып оқушыларын құттықтаймыз. Ал тоғызқұмалақ үйірме жетекшісі - Әбілқасов Жұматай Базарұлына сынып оқушылары және ата - аналарының алғысы шексіз.
№5 орта мектебі 3 «А» сынып жетекшісі
Әміршеева Сандуғаш Асқарқызы