Мемлекет басшысы:
«Халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін тағы бір түйткіл, бұл – жол қауіпсіздігі. Мен былтырғы Жолдауда бұған арнайы тоқталдым.
Әрине біраз шаруа жасалып жатыр. Соған қарамастан көлік апаттары азаймай тұр. Жыл басынан бері 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Шын мәнінде, көп нәрсе көлік жүргізушілерінің өзіне байланысты, себебі жол ережесін бұзатындар аз емес.
Әрбір адам өз өміріне және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапты екенін сезінуге тиіс. Көлік жүргізу мәдениетін бүкіл қоғам болып қалыптастыру қажет.
Сондай-ақ электросамокаттарға назар аударған жөн. Бұл тақырып қоғамда қызу талқыланып жатыр. Екі жыл бұрын жаяу жүргіншілер жолымен жүруге шектеу қоятын заңнамалық өзгерістер енгізілді. Бірақ қоғамдық орындардағы ахуал өзгере қойған жоқ, әлі де азаматтарға қауіп-қатер төніп тұр.
Қазір бұл саланы реттейтін заңға түзетулер әзірленді. Оны көп созбай қабылдау керек. Әрбір азаматтың, әрбір баланың өмірі қымбат. Бұл мәселеде ұсақ-түйек деген болмайды. Түптеп келгенде, мұның әрқайсысы – Қауіпсіз Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдар».
«Келесі мәселе. Бұл – жасанды интеллекті дәуіріндегі мәдениет пен өнердің дамуы. Осы салаға бұрынғыдай айрықша мән береміз, тиісті инфрақұрылымды саламыз және қажет болса жөндеуден өткізіп, қалпына келтіреміз.
Өнер адамдары еліміздің мәдениетін, салт-дәстүрін шетелге паш етіп жатыр. Бұл – құрметке лайық жұмыс. Сондықтан мәдениет қайраткерлеріне қажетті қолдауды көрсетеміз. Бірақ олар жаңа заманның талабына бейімделіп жұмыс істеуі керек.
Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға баса мән беремін. Аймақтарда спорт нысандары бой көтеріп жатыр. Үйірмелер балаларға қолжетімді бола бастады.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға және егде адамдарға арналған спорт клубтары ашылып жатыр. Сондай-ақ кәсіби спорт саласында оң өзгерістер болып жатыр.
Мен бұған дейін шетелден келген спортшыларға бюджеттен қаржы бөлуді шектеу туралы тапсырма бердім. Депутаттар бұл бастаманы қолдап, арнайы заң қабылдады. Бұл – өз спортшыларымызды қолдауға арналған маңызды қадам. Бірақ мұнымен шектеліп қалуға болмайды, алға қарай жүруіміз керек.
Футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек. Қазір еліміздің төрт футбол клубына белгілі кәсіпкерлеріміз ие болды, яғни, клубтар жекеменшікке өтіп жатыр. Сол үшін оларға ризашылығымды білдіремін. Дегенмен футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз.
Қазіргі заманда кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн».
Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Мен жариялаған міндеттер Қазақстанның одан әрі қарқынды дамуы үшін айрықша маңызды. Олар елімізді цифрлық жаңғырту ісімен тығыз сабақтасып жатыр.
Жасанды интеллектіні жаппай енгізу және жаппай цифрландыру еліміздің барлық саладағы әлеуетін еселеп арттырады. Біздің стратегиялық бағдарымыздың ең басты қыры осы болуға тиіс.
Әрине, елімізде суперкомпьютердің іске қосылуы – зор жетістік. Бірақ мұны Үкімет те, бүкіл қоғам да Қазақстанды, шын мәнінде, цифрлық мемлекетке айналдыратын жан-жақты және қарқынды жұмыстың бастауы ретінде қабылдауға тиіс.
Осы міндетті тиімді орындау үшін Үкімет цифрландыру ісі мен жасанды интеллектіні дамытуға арналған «Digital Qazaqstan» атты біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлейді. Онда бастамалар мен жобалардың бәрі жалпыұлттық стратегия аясында біріктірілетін болады.
Түптеп келгенде, еліміздің түбегейлі цифрлық жаңғыруын халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бастайтын жол дей аламыз.
Мемлекет әр азаматтың лайықты табыс тауып, сапалы әлеуметтік қызмет алып, ертеңгі күніне сенімді болуы үшін барынша жағдай жасай береді.
Себебі қолға алынған барлық реформа бір ғана мақсатты көздейді. Бұл – халықтың әл-ауқатын арттыру және елдің жан-жақты өрлеуін қамтамасыз ету. Еліміздің халықаралық беделін арттыру жолындағы күш-жігеріміздің түпкі мәні де – осы».
Мемлекет басшысы:
«Цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде мемлекетіміздің ұлттық стратегиялық мүддесіне сай келетін теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясаты әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан орнықты дамуымызға зор ықпал етеді деп сенемін.
Көптеген мемлекет Қазақстанмен достық қатынас орнатып, тиімді ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылады. Мұның өзі, бірінші кезекте, еліміздің халықаралық аренадағы абырой-беделі жоғары екенін және өзгелер бізбен санасатынын көрсетеді.
Біз маңызды халықаралық проблемаларды шешуге өз үлесімізді қосып келеміз. Қазақстанмен қарым-қатынас орнатуға мүдделі алыс-жақын елдердің бәрімен ынтымақтастығымызды бағалаймыз.
Жақында мен Қытайға ресми сапармен бардым. Онда мәңгі стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатқан екіжақты қарым-қатынастың барлық мәселелері бойынша табысты келіссөздер өтті.
Менің Түркияға және Қырғызстанға сапарларым да сәтті болды. Осы жылдың соңына қарай мен Ресейге және Өзбекстанға барамын. Астанада Әзербайжан, Армения, Түрікменстан басшыларын қарсы алуға дайындалып жатырмыз. Сондай-ақ Азияның, Еуропаның, Африканың бірқатар мемлекет басшыларымен кездесіп, келіссөз жүргізу жоспарланған.
Қазақстан-Америка сұхбаттастығы да белсенді жалғасып келеді. Еуропа одағымен сан салалы байланыстарымызды күшейтіп жатырмыз.
Биыл айтулы даталарға толы жыл болды. Ең бастысы, Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толды.
Мәскеуде және Бейжіңде өткен салтанатты іс-шаралар адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың ондаған миллион құрбаны әлем халқының жадында мәңгі қалатынын аңғартты. Сондай-ақ бәрімізді сол бір қанды қырғынға қайта баға беруден және жаңа дүниежүзілік соғыс бастауға ұмтылудан аулақ болуға шақырды.
Барлық ел өсіп-өркендеу үшін бейбітшілікті сақтап, ортақ мәмілеге келе білуі керек. Мың шыж-быждан бір сіз-біз артық.
Сол себепті Қазақстан Аляскада өткен Ресей-АҚШ саммитінің нәтижесіне, сондай-ақ Вашинтонда Президент Трамптың арағайындығымен Әзербайжан мен Арменияның бейбітшілік туралы декларацияға қол қойғанына қолдау білдірді.
Екінші айтулы дата – Екінші дүниежүзілік соғыстың басты институционалдық қорытындысы саналатын Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығы.
Біріккен Ұлттар Ұйымына әлі күнге дейін еш балама жоқ. Қазақстан оны көкейкесті халықаралық мәселенің бәрін әділ шешу жолындағы негізгі келіссөз орны бола беруге тиіс деп санайды.
Дегенмен Біріккен Ұлттар Ұйымын, әсіресе, оның ең басты органы – Қауіпсіздік Кеңесін реформалайтын кез келді.
Мен жақында Нью-Иорк қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында сөз сөйлеймін. Басқосуда халықаралық ахуалға, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалауға қатысты Қазақстанның көзқарасын білдірмекпін».
Президент:
«Заң және тәртіп» – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры.
Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс.
Бұл – ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным.
Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын барынша қолдау қажет. Сонда ғана елімізде құқық бұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана-сезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады.
Ашығын айтуымыз керек, қазіргі таңда адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегісіп, жаға жыртысатын әдет бар. Осындай келеңсіз оқиғаларды, әсіресе, қоғамдық орындарда, жол бойында жиі көруге болады.
Өкінішке қарай, солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар. Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс.
Озық ойлы ұлт болу үшін мұндай жағымсыз әдеттен түбегейлі арылуымыз керек. Ұлы Абай «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп бекер айтпаған.
Мәдениет пен әдеп, тәрбие мен тәлім әрбір азаматтың, әрбір отбасының өзінен басталуы қажет.
Қазіргі бұлыңғыр заманда ең басты міндет – еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын нығайту. Ол үшін бірлігіміз бекем болуы керек. Халқымыз тату болса, ішкі ахуал тұрақты болса, біз барлық қиындықты жеңеміз. Кез келген кедергіден өтеміз.
Сондықтан жұртымызды ел тыныштығын бағалай білуге, сақтай білуге шақырамын.
Әрбір азамат мемлекетшіл, отаншыл болуы керек. Бүгінде патриотизм деген сөздің сипаты, мазмұны өзгеріп жатыр. Бұрын бұл ұғым негізінен дәстүрлі құндылықтармен өлшенетін, тіл, мәдениет, руханият мәселесі ұлттық мүдденің өзегі ретінде саналатын. Әрине, бұл дұрыс, әрқайсысы ұлт болмысының арқауы. Оны бізден ешкім тартып алмайды, оған алаңдауға еш негіз жоқ».